KazBar атқарушы директоры Айгерім Джалдыбаева Англия мен Уэльстің жаңа заң жылын ашу рәсіміне қатысты
06.10.2026
2026 жылғы 30 қыркүйек пен 1 қазан аралығында «Қазақстан заң консультанттары палатасының» (KazBar) атқарушы директоры Айгерім Джалдыбаева Лондон қаласында өткен 2026 жылғы заң жылының ашылуына арналған іс-шараларға қатысты. Іс-шараларға Ұлыбританияның және басқа мемлекеттердің сот жүйесі мен заң кәсіби ұйымдарының өкілдері жиналды.
30 қыркүйекте бағдарлама аясында құқық үстемдігін қамтамасыз ету және ілгерілету мәселелеріне арналған «Құқық үстемдігін қорғау үшін біз не істей аламыз?» атты халықаралық пікірталас өтті. Қатысушылар қоғамның құқық үстемдігі қағидатының маңызы туралы хабардарлығын арттырудағы заң қоғамдастығының рөлін, қазіргі заманғы сын-қатерлерге ден қою жолдарын және әртүрлі мемлекеттердің құқықтық жүйелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуды талқылады.
Пікірталас барысында құқықтық ағарту жұмыстарын кеңейтудің, оның ішінде жастар арасында кеңінен қолданылатын әлеуметтік желілерді пайдаланудың маңыздылығы атап өтілді. Құқықтық мәдениетті ерте жастан, соның ішінде мектепте қалыптастыруға, сондай-ақ балалар мен жастардың өз құқықтары мен құқықтық жүйенің негіздері туралы хабардарлығын арттыруға ерекше назар аударылды.
Бағдарлама аясында әртүрлі елдердің заң кәсіби бірлестіктерінің өкілдерімен кездесулер өткізілді. Кездесулер барысында кәсіби әдеп, тәртіптік іс жүргізу тәжірибесі, заң кәсібін реттеу тетіктері, бірлестіктер мүшелерімен өзара іс-қимыл, заң кадрларын даярлау және кәсіби білім мен дағдыларды үздіксіз жетілдіру мәселелері талқыланды. Кездесулер жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және осы бағыттар бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруға ықпал етті. Қатысушылар тізіміне сәйкес, KazBar Орталық Азияның жалғыз өкілі болды.
1 қазанда Айгерім Джалдыбаева Вестминстер аббаттығында өткен заң жылының ашылуына арналған салтанатты рәсімге қатысты. Рәсімге Англия мен Уэльстің жоғары сот органдарының өкілдері, заң кәсіби ұйымдарының басшылары, солиситорлар, барристерлер және заң қоғамдастығының басқа да өкілдері қатысты. Салтанатты рәсімнен кейін Ұлыбритания Парламентінің Вестминстер залында Лорд-канцлердің қабылдауы өтті.
KazBar-дың осындай деңгейдегі іс-шараларға қатысуы Англия мен Уэльстің Заң қоғамымен кәсіби байланыстарды нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Атап айтқанда, белгіленген талаптарға сәйкес келетін KazBar мүшелері солиситор мәртебесін алу үшін тапсырылатын біліктілік емтиханының екінші бөлігінен босатылу мүмкіндігіне ие болуы мүмкін. «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Англия мен Уэльс құқығының қағидаттары мен нормаларына негізделген құқықтық жүйесі, сондай-ақ Алатау қаласы үшін арнайы құқықтық режимді қалыптастыру тиісті құқықтық тәжірибені зерделеудің өзектілігін арттырады.
2026 жылғы заң жылының ашылуына арналған іс-шараларға қатысу KazBar-дың халықаралық кәсіби байланыстарын нығайтуға және заң кәсібін дамыту, оны реттеу тетіктерін жетілдіру, құқықтық ағарту және құқық үстемдігін ілгерілету мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға мүмкіндік берді.
Сұрақтарыңыз қалды ма? Сұрағыңызды тікелей қойыңыз — біз қуана жауап береміз.
1. Палатаға мүшелікке өту үшін қандай құжаттар қажет?
Мүшелікке қабылдануға қойылатын талаптар мен қажетті құжаттардың толық тізімі «KazBar-ға қосылу» батырмасында қолжетімді.
2. KazBar мүшесі кім бола алады?
Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының және Палата Жарғысының талаптарына сәйкес келетін кез келген тұлға KazBar Палатасына мүше бола алады. Негізгі талаптарға жоғары заңгерлік білімнің болуы, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл еңбек өтілі және аттестаттаудан сәтті өту жатады. Талаптардың толық тізімі «KazBar-ға қосылу» бөлімінде орналастырылған
3. Өтініш қанша уақытта қаралады?
Құжаттар толық көлемде ұсынылған және кандидат Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келген жағдайда, өтінішті қарау мерзімі 14 күнтізбелік күннен аспайды.
4. Мүшелік жарнаның мөлшері қандай?
Мүшелік жарналардың өзекті мөлшерімен «Мүшелік» → «Мүшелік жарналар» бөлімінде таныса аласыз.
5. Палата мүшесі болмай-ақ оқыту іс-шараларына қатыса аламын ба?
Палатаның білім беру іс-шаралары тек KazBar мүшелеріне арналған. Палатаға мүше болғаннан кейін Сіз семинарларға және өзге де білім беру іс-шараларына қатыса аласыз, сондай-ақ серіктестеріміздің арнайы ұсыныстарын, оның ішінде шетелдегі оқу бағдарламалары мен тағылымдамаларды пайдалана аласыз. Жаңалықтарымызды қадағалаңыз!