
Джалдыбаева Айгерим Женисовна
Төрағасы міндетін атқарушы
ПАЛАТАНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Палата Жарғысының 10-бабы бойынша:
10.1. Палатаның ағымдағы қызметіне басшылықты Палатаның тұрақты әрекет етуші атқарушы органы болып табылатын Палатаның Төрағасы жүзеге асырады. Палатаның Төрағасы Палата қызметінің нәтижелері үшін жауапкершілік көтереді. Палатаның Төрағасы Палатаның жоғары лауазымды тұлғасы болып табылады және сайланған кезең бойы оның қызметі үшін дербес жауапкершілік көтереді, Палата мүшелерінің Жалпы жиналысына және Басқармаға есеп береді. Жалпы жиналыс пен Басқарма қабылдаған шешімдердің орындалуын ұйымдастырады. Палатаның Төрағасы ретінде Палата мүшелерінің ішіндегі жеке тұлға ғана әрекет ете алады.
10.2. Палатаның Төрағасы лауазымға тағайындауға Басқарманың шешімімен ұсынылады және Жалпы жиналыс тарапынан бекітіледі. Палатаның Төрағасымен жасалатын еңбек шартына Палатаның атынан Палата Басқармасының шешімімен тиісті уәкілеттік берілген Басқарма мүшесі қол қояды.
10.3. Палатаның Төрағасын Жалпы жиналыс 3 (үш) жыл мерзімге, дәл сол мерзімге бір рет қайта сайлану құқығымен сайлайды.
10.4. Палатаның Төрағасы:
10.4.1. Палатаның атынан сенімхатсыз әрекет етеді, мемлекеттік билік органдарымен, заңды және жеке тұлғалармен, өзге ұйымдармен қарым-қатынаста оның мүдделеріне өкілдік етеді және т.б.;
10.4.2. Жалпы жиналыс, Байқаушы кеңес және Басқарма қабылдаған шешімдерді орындауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
10.4.3. Палатаның атынан 5 000 000 (бес миллион) теңгеден немесе оған баламасынан аспайтын сомаға шарттар жасасады. Палатаның Төрағасы Басқарманың келісімімен Палатаның атынан бұл сомадан асатын шарттарды жасасуға құқылы;
10.4.4. үшінші тұлғалармен қарым-қатынаста Палатаға өкілдік ету құқығымен сенімхаттар береді;
10.4.5. жыл сайын Жалпы жиналыстың отырысында ақшалай қаражаттың түсімі мен жұмсалуы жайлы ақпарат беру арқылы Басқарма мен Палатаның мүшелерін содан хабардар етеді;
10.4.6. жылдық бюджет пен қаржы есептілігін әзірлейді және Басқармамен келістіргеннен кейін оны Жалпы жиналыстың бекітуіне ұсынады;
10.4.7. мүшелікті тоқтата тұру және қалпына келтіру туралы шешім қабылдайды;
10.4.8. мүшелік жарналарды траншпен төлеу тәртібі туралы шешім қабылдайды;
10.4.9. осы Жарғының ережелерін, Палата қызметінің негізгі бағыттарын және Палатаның өзге басшылық құжаттарын іске асыруды қамтамасыз етеді;
10.4.10. Жалпы жиналыстың күн тәртібін әзірлейді, Палатаның ішкі интернет-порталы мен сайтында орналастыру арқылы Жалпы жиналыстың өткізілетіні туралы хабарламаларды Палатаның мүшелеріне жолдайды, сондай-ақ Палата мүшелеріне электрондық пошта арқылы жібереді;
10.4.11. Палатаның интернет-порталына қолжетімділікті қамтамасыз етеді;
10.4.12. Жалпы жиналыс пен Басқарманың құзыретіне жатқызылмайтын өзге қызметті жүзеге асырады, Палатаның қалыпты жұмысы үшін қажет мәселелерді талқылайды және шешімдерді қабылдайды.